Жастардың интеллектуалды «БОТА» орталығының тарихынан

ХХ ғасырдың соңы, Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы еліміз үшін қоғамдық құндылықтардың өзгеруіне әкеліп соқтырды. Қалыптасқан жүйенің түбегейлі өзгеруі елдегі адамдардың көзқарастарына әсер етпей қоймайтыны даусыз. Жаңа егеменді елдің еңсесін тіктеуіне, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қоғамның әр саласы жаңашылдықты, жаңа әдістерді қажет етті.  Осы қысыл-таяң шақта Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының мамандары жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді пайдаланып, білімдерін жан-жақты дамытып, оқырмандардың кітапқа деген сұранысын арттырудың жаңа әдісін енгізуді ұсынды. Жаңа әдісті қолдануға кітапхана ұжымы мен сол кездегі бөлім меңгерушісі Жадыра Сембекқызы Жұмай, директордың орынбасары Рашида Бейсембекқызы Меллятова түрткі болып,  1996 жылы ақпан айында  «БОТА»  клубы құрылды.

«БОТА»  клубының  жұмысының жандануы мен нәтижелі болуына  кітапхананың жанашыр оқырмандары ат салысты: Е.А.Бөкетов ҚМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің мүшесі Ерлан Төлеутай, журналист Мартбек Тоқмырза, Омар Жалел және тағы да басқа дарынды, шығармашылықты жанына серік еткен жастар.

Төрт түліктің төресі түйе жануарының баласын «бота» деп атайтыны баршамызға белгілі. Ол шығыс халықтарында мейірімділіктің, шыдамдылықтың, әдеміліктің, жылылықтың, сүйкімділіктің белгісі болып табылады. Орталықтың  «БОТА» аталуының бір себебі осы болса, екіншіден «БОТА» сөзі бұл - «Білімпаздар. Ойшылдар. Тапқырлар. Алғырлар» сөздерінің аббревиатурасы.

1998 жылы «БОТА» клубы басты міндеттер мен мақсаттарын және осы атауын сақтай отырып жастардың интеллектуалды орталығы болып өз шеңбері мен жұмыс бағыттарын кеңейтті.

«БОТА» жастардың интеллектуалды орталығында белсенді оқырмандар танымал адамдармен кездесіп,  әдеби кештер мен пікірталастар өткізеді. «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының басты міндеттері:

-         Жастардың шығармашылық істерін белсенді түрде ұйымдастыру;

-         Оқырмандарды қазақстандық отаншылдыққа, ұлтаралық қарым-қатынасты сақтау мәдениетіне тәрбиелеу;

-         Жеке тұлғаның рухани сұраныстарын барынша көп қанағаттандыру;

-         Жастардың жан-жақты жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ету;

-         Жас ұрпақтардың зияткерлік даму талаптарын қамтамасыз ету, тарих, мәдениет, халық шығармашылығы туралы білімді насихаттау;

-         Дарынды жастарды тауып оларға қолдау көрсету.

Орталық жұмысында  әр жылдарда алуан түрлі әдістер қолданылды соның ішінде:   «Жас қазақ» және «Жас азамат» пікір-талас клубтары,  жас журналистердің «Ділмар» тәуелсіз баспасөз-клубы, қыздардың «Шынар» радио-клубы, «Қазына» әдеби шығармашылық салоны қызмет жасады және интеллектуалды танымдық ойындар ұйымдастырылды: «Білімпаздар», «Бақытты сәт», «Эрудит ХХІ», «ЭХО», «Бота»-Эрудит» және «Білгенге маржан». Ал, «Білгенге маржан» атты танымдық-телевизиялық ойынның идеясы Мартбек  Тоқмырзаға тиесілі.  Бұл ойын алты жыл қатарынан мемлекеттік тілде  «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасымен бірге өткізіліп тұрды. Мартбек Тоқмырза осы ойынның жоспарын құрып, сценарийін жазып, ойынға қатысушыларды іздестіріп, қызықты әрі танымды етіп ойынды жүргізіп жүрді. «Білгенге маржан» ойынымен қатар 1999 жылы   «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығы жобасының шеңберінде кітапхана мен  облыстық телеарна бірлесіп, Наурыз мерекесіне арналған «Ғанибет» атты әдеби-музыкалық шоу, 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін  «ЭХО» интеллектуалды ойындарын өткізді.

1999 жылы «БОТА»-Керуен» акциясы басталды, оның негізгі мақсаты: жастарды бос уақыттарында кітапханада қызықты және зияткерлік түрде өткізулеріне баулу, жасөспірімдерге қызмет көрсететін ауыл кітапханашыларына әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетудің ұтымды жолдарының бірі еді. «БОТА»-Керуен» акциясы қатысушылары алғашқы жолын Жезқазған қаласынан бастап О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенттерімен кездесті.

«БОТА»-Керуен» акциясы өңіріміздің руханиятына, мәдениетінің өсуіне үлкен жұмыстар атқарды. Акцияға кітапхана ұжымы, оқырмандар, жергілікті жердегі оқырмандар, арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылар құрамы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының  мамандары қатысты.

Акция аясында ұйымдастырылған Бұқар жырау ауданындағы Бұқар жырау Қалқаманұлына арналған «Асылдан қалған асыл жыр», Қарқаралы ауданындағы Мәди Бәпиұлының 120 жылдығына арналған «Мәди және азаткерлік музыка» атты әдеби-сазды кештер ерекше әсерімен ел есінде ұмытылмастай сақталып қалды. 

2013 жылдан бастап «БОТА»-Керуен»  акциясы өз шеңберін «БОТА»-Керуен» Республикалық әдеби эстафетасы болып кеңейтті. Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханасында бастамасын алған эстафета, өз жолын Қарағанды облысының әр аймақтарында жалғастырып, ал республика көлемінде Ғаламтор арқылы дарынды жастарға қарым-қатынастарын виртуалды түрде орнатты.

2005 жылы «Жаңғырық» акциясымен ынтымақтастықтың жаңа түрі басталды. Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық кітапхана қызметкерлерінің жұмыстары жаңғырық секілді оралды, яғни қалалық және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері облыс орталығына өз жобаларын әкелді. «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының іс-тәжірибесі облысымыздағы кітапханалардың қызығушылықтарын туғызды. Мәселен, Шет ауданында «Жас қыран», Ұлытау ауданында «Асыл мұра», Бұқар жырау ауданында «Білгенге маржан», Осакаров ауданында «Ботақан», Нұра ауданында «Шабыт», Жаңаарқа ауданында «Даму» жастар клубтары құрылды.

2006 жылдан бастап «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының жұмысы Ғаламтор желілері арқылы Ресей, Украина елдеріне таныла бастады.  Шет елдік оқырмандар «Қазына» әдеби салонының отырыстарына виртуалды түрде қатысып отырды. Қазіргі таңда да «Қазына» әдеби шығармашылық салонында түрлі on-line конференциялармен қатар жылда Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында ұсынылған кітаптарды насихаттау үшін және де оқырмандар арасында байланыстар орнату үшін  on-line кездесулер, сондай-ақ Халықаралық және Республикалық виртуалды байқаулар ұйымдастырылады.

«БОТА» жастардың интеллектуалды орталығы  көптеген дарынды, талантты жастардың шығармашылықпен айналысуларының баспалдағы болған орда десек артық айтқандық емес. Олай дейтініміз бүгінде өңірімізге ғана емес елімізге танылған Ерлан Төлеутай, Омар Жалел, Ерлан Құжыманов, Қайрат Асқаров, Руслан Нұрбай, Сейіл Аяған, Рига Онаева, Жандос Бәделұлы, Ләззат Уәли, Мирас Құттыбай,  Айтбай Жұмағұлов, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбарак, Ержан Найманбай, Денис Вакуленко, Төлен Тілеубай, Дмитрий Шпильченко, Ерқанат Кеңесбеков, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Перизат Садуақасова, Павел Коктышев, Ербол Сармурзин, Дулат Аманжол, Өміртай Еділхан, Ерболат Қуатбек, Аян Мейраш, Мұқағали Сейтқазы, Қуандық Рахым, Айзада Садуақасова, Камшат Хасен сынды тағы да басқа танымал азаматтар мен азаматшалар осы орталықтан қанат қақты. Сонымен қатар «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығы жыл сайын белсенді, дарынды, шығармашыл оқырмандармен толығып отырады.

Сол уақыттан бері, міне, жастардың аялаған ақ ордасы «БОТА» орталығы биылғы жылы 20 жасқа толып отыр. Осы 20 жылда жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар қызықты әрі мағыналы түрде іске асырылуда.  Көпшілік жұмыстардың жаңашылдығы – оқырмандардың мәдени сауаттылығы мен кітапқа деген қызығушылықтарын  арттырып келеді. 

Кәсіби басылымдардың беттерінен «БОТА» орталығының тәжірибесімен Қазақстан және жақын шетел мемлекеттерінің кітапханашылары танысып қана қоймай, жұмыс барысында қолданады. Бұл орталық әрқашан жаңа әдістермен жұмыс атқаруда. Жастарымыздың шығармашылық қабілеттерін дамытып, бір–бірімен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Жас болса да аяғынан тік тұрып, көптеген іс – шаралар атқарып жатқан бұл орталықтың жұмысы әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.

«БОТА» жастардың интеллектуалды орталығы  ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шаралар БАҚ беттерінде үзілмей жарияланады. Сондай-ақ «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығы  туралы білгісі келген оқырмандар мәліметтерді кітапхананың ресми сайты www.uniorlib.kz және кітапхананың тарихи-өлкетану сайты «Шуақ»: www.shuak.kz  таба алады.