17.12.2025ж, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Шет ауданы орталығы Ақсу-аюлы елдімекенінің тумасы, «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының мүшесі, «Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы» КММ оқытушысы Бекзат Жапатайұлы Алтынбектің тырнақалды «Көкжиек» кітабының таныстырылымы өтті.
Тәуелсіздіктің алғашқы таңдарында, 1993-жылы дүниеге келген талапты ініміз ізгілік әлеміне ерте талпынған екен. 2017-жылдан бері талай проза байқауларының қомақты жүлделерін қанжығасына байлаған қаламгер бауырымыздың әңгімелері «Тіл және рух», «Қасым», «Үркер», «Тұмар», «Ақ желкен» журналдарында, «Арқа ақшамы», «Орталық Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде, «Қасым», «Әдебиет порталы», «Массагет» сайттарында жарық көрген.
Шығармашылық шарада сөз алған,жазушы, әдебиет сыншысы, тіл жанашыры, Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Рысқұлқызы Жақан мен ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы сөз алып, «Жас қаламгер» жобасының іске асуы жайында әңгімелеп, жас жазушының қаламына да, қадамына да сәттілік тіледі. Бекзат Алтынбектің жалпы шығармасындағы образдары мен ойлардың шарпысуы, олардың аттары, мекен-жайлары жайында кішігірім сұхбат өтті. «Арқа ақшамы» газетінің редакторы, сатирик-журналист Әдебиет Жұман, «Орталық Қазақстан» газетінен Қасымхан Ғалым, жас қаламгер «Шәкәрім атындағы гимназия» КММ ұстазы Ерзат Ермағамбет замандасы Бекзаттың берік, байсалды болмысы мен шығармашылығына тоқталды. «Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы» КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Дана Мұратқызы және мектеп кітапханашысы әріптесіне ниет білдіріп, сый-сияпат табыстады. Аталған гимназияның жоғарғы сынып оқушылары да кітапты талдап, өз ойларын ортаға салды. Ақындар Ерік Нарын және осы жобамен жыр-жинағы жарық көрген Теміртаулық Таңсәуле Әгенқызы әдемі әңгімелерін жеткізіп жыр оқыса, «Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы» КММ 8 сынып оқушысы Мүсілім Қайратұлы күмбірлетіп күй төкті.
http://www.uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/2000-17-zhelto-san-2025#sigFreeIdf5d497785f
