20 қараша күні Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында ұлт мақтанышы, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған «Өлеңін аялаған өр ақын» атты поэзия кеші өтті. Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына – 80 жыл.

Іс - шарада кітапхана басшысы Қаленова Нұргүл Қасымханқызы сөз сөйлеп, қазақ әдебиетіндегі Фариза Оңғарсынованың айрықша орны мен оның отты жырларын тілге тиек етті.

Поэзия кеші ақынның ата-анасын бейнелейтін көрініспен ашылып, балалық шағы туралы бейнеролик көрсетілді. Осы кеште поэзияға құштар Нұрлан Өнербек, Халима Тәжиева, Береке Әуелбек, Бағлан Жүнісова, Нұрхан Алшынбаев, Гәкку Жалаулы сынды студенттер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Серік Ғабит «Абайдың інілері» атты әнді домбырамен әуелете шырқады. Марсель Диас «Мен саған ғашық емес ем», Құрал Сакиев Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза», әндерін орындап шараның сәнін келтірді.

Ақын Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмірі мен артына қалдырған мол әдеби мұрасы, теңдессіз жыр жауһарлары жадымызда әрдайым жаңғырып, жүрегімізде мәңгі сақталады.