Нұр Отан партиясының XVII съезінде қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарлама аясында ұйымдастырылған әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, профессор, академик Әлкей Марғұланның 115 жылдығы мен  геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған «Дала данышпандары» атты дөңгелек үстел 28 наурыз күні өтті.

Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның есімдері Қазақстан өнеркәсібі мен ғылымының тарихымен ғана емес, республикадағы халық шаруашылығының, барлық экономикалық және мәдени өмірінің қалыптасып дамуымен тікелей байланысты.

Дөңгелек үстелді Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасының басшысы Қаленова Нұргүл Қасымханқызы салтанатты түрде сөз сөйлеп, ашып берді.

Шара барысында Қарағанды "Болашақ" академиясының доценті Касенов Еламан Балтайұлы, заң ғылымдарының кандидаты Сыздық Болат Кенелұлы, Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің тарих пәнінің оқытушысы Аймахов Ермек Насратуллаұлы мен Қарағанды Мемлекеттік политехникалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушысы Түсіпбек Қуаныш Есімханұлы қатысып, елім деп еміренген ұлы ғалымдар Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан жайлы қызықты деректер мен ақпараттар, өнегеге толы игі істері туралы мәліметтермен бөлісіп, пікір алмастырды. Сонымен қатар, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығының студенттері Тордыбай Рамазан және Саққұлова Аружан дала данышпандары Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан туралы ой-толғауларымен бөлісіп, баяндама оқыды. Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Ж.Бектұров атындағы мұражай-кабинетінің  меңгерушісі Шпанова Жанат Рымқұлқызы қажымас зерттеуші, журналист,  публицист-аудармашы Жайық Кәгенұлы Бектұровтың Ә.Марғұлан жайлы жинаған газет мақалаларымен таныстырып өтті.

Шара соңында дөңгелек үстелге белсене қатысқан ЖОО-ның оқытушылары мен студент жастарға алғыс хат табысталды.