30 қазан күні жазушы, драматург, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің туғанына 117 жыл толуына орай атақты жерлесіміздің есімін иеленген № 83 жалпы білім беретін орта мектебінде «Көркем сөздің хас шебері - Ғабиден Мұстафин» атты дөңгелек үстел өтті.

Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкері Волкова Ольга Николаевна дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Ол Ғ. Мұстафиннің басылымдары және кітапхана қорындағы жазушы жөніндегі әдеби - сыни материалдар туралы сөз қозғады. О. Н. Волкова Ж. Бектұров атындағы мұражайдың облыстық жасөспірімдер кітапханасында және Ғ. Мұстафин атындағы мұражайдың № 83 мектепте жұмыс істеп жатқаны жазушылардың шығармашылық мұрасын насихаттау және есте сақтау бойынша осы екі ұйымға ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ғабиден Мұстафин мен Жайық Бектұров арасындағы әдеби және достық байланыстар туралыда айтылды. Ж. Бектұровтың мұражай-кабинетінің қорында Ғабиден Мұстафиннің 4 басылымы бар.

Ж. Бектұровтың Ғ. Мұстафиннің шығармашылығына деген ерекше ықыласын «Дауылды жылдар жыршысы Ғабиден Мұстафин» папкасының материалдар жинағынан байқауға болады. Онда тұрған газеттік кесінділерді Жайық Кагенұлы көптеген жылдар бойы ( 1958 – 1986 ж .ж. ) жинаған.

Ғабиден Мұстафин мен Жайық Бектұровтың - қазақ әдебиетіне, Қарағанды облысының өлкетануына елеулі үлес қосқан жазушылардың өзара қарым-қатынасының тақырыбы өз зерттеушілерін күтуде.