Балаларға қызмет көрсету бөлімінде «Карамелька» дамыту орталығының тәрбиеленушілеріне арналған «Менің құқығым» атты құқықтық калейдоскоп өткізілді.
Кездесудің мақсаты – балаларды олардың негізгі құқықтарымен таныстыру, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру және әділеттілік сезімін дамыту.
Кітапханашы балаларға әлемде балалардың құқықтарын қорғайтын түрлі құжаттардың бар екенін айтып, әрбір баланың аты-жөнге, білім алуға, отбасына, қорғауға және тағы басқа құқықтары бар екенін түсіндірді.
Кішкентай оқырмандар «Балалар құқығының әліппесі» атты мультфильмді тамашалады. Онда балалардың негізгі құқықтары жеңіл әрі көркем түрде ұсынылды. Мультфильм көрермендерге тақырыпты жақсырақ түсінуге көмектесті.
Балалар екі танымдық ойынға қатысты. Бірінші ойын – «Аты мен қасиеті» деп аталды: әр бала өз атын айтып, алғашқы әрпіне сәйкес келетін жағымды сипаттаманы таңдады. Екінші ойын – «Рұқсат етілген – тыйым салынған». Балаларға екі түсті шеңберлер таратылды: қызыл және жасыл. Кітапханашы әртүрлі өмірлік жағдаяттарды оқып беріп отырды, ал балалар әрекеттің рұқсат етілгенін немесе тыйым салынғанын шеңберді көтеріп білдірді: қызыл – тыйым салынған, жасыл – рұқсат етілген. Бұл ойын балалардың құқықтары мен тәртіп ережелерін бекітуге көмектесті.
Іс-шара соңында балалар бір-біріне сәттілік пен көтеріңкі көңіл-күй тіледі. Құқықтық калейдоскоп қызықты да мазмұнды өтті және қатысушыларға жағымды әсер қалдырды.
https://www.uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1785-19-mausym-2025#sigFreeIdc039e614ed