27 мамыр күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы мен №48 жалпы білім беретін мектебінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тағзым. Естелік. Сабақ» атты мемориалдық жаяу экскурсия өтті. Іс-шара жыл сайын өтетін «Тағзым эстафетасы» аясында өткізілді.

Іс-шараға №48 жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен ұстаздары және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Экскурсия маршруты келесі аялдамаларды қамтыды:

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы – мемориалдық экскурсияның бастау нүктесі болды. Қатысушыларға саяси қуғын-сүргіннің ауқымы, Қарағандының ГУЛАГ жүйесіндегі орны, КарЛАГ-тың қызметі туралы кіріспе ақпарат ұсынылды. Ерекше назар жазушы, қоғам қайраткері Жайық Бектұровтың өмір жолына аударылды. Ол өзі де қуғынға ұшырап, өмірін жазықсыз жапа шеккендердің есімін ақтауға арнады. Ж.Бектұровтың мемориалдық-музейлік кабинетінде «Ақтандақтар туралы ақиқат», «Алаш-Орда: тұлғалар, тағдырлар» атты кітап көрмелері ұсынылып, №48 мектеп оқушылары «Үш Әлекең» тарихи очеркі негізінде дайындалған буктрейлерді көрсетті.

1-ші аялдама – Әлімхан Ермеков көшесі. Қатысушылар көрнекті ғалым, профессор, алғашқы қазақ математигі Әлімхан Ермеков туралы тың мәліметтермен танысты. Әсіресе, 1920 жылы В.И. Лениннің қатысуымен өткен отырыста Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғаудағы тарихи рөлі үлкен қызығушылық тудырды. Оқушылар сұрақ-жауап форматында белсенділік танытып, тарихи деректермен бөлісті.

 2-ші аялдама – Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі. Музейде оқырмандар қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің шығармашылығымен және олардың Қарағанды өнеріне қосқан үлесімен танысты. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған тақырыптық көрме — тарихтың ащы шындығын еске салатын маңызды экспозиция болды.

3-ші аялдама – «Қазақ халқына корейлерден алғыс» естелік белгісі. Қатысушылар 2019 жылы орнатылған бұл ескерткіштің тарихымен танысты. Ол – депортация жылдарында қазақ халқының көрсеткен қолдауы мен мейірімділігі үшін корей халқының алғысын білдіретін достық пен ризашылықтың белгісі. Мектеп оқушыларының бірі осы нысан туралы қысқаша баяндама жасады.

Экскурсия қатысушыларға тарихтың қайғылы беттерін ұмытпай, тарихи жадты сақтау мен патриоттық сезімді нығайтуға үлкен әсер берді.