«Жеңіске жол» республикалық акциясы аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Майдандағы Әлия: аңыз бен ақиқат» атты тарихи профайл өтті.

Іс-шара Роза Рымбаеваның орындауындағы жүректі тебіренткен «Әлия» атты бейнемузыкалық композициямен ашылды.

Шараға Қарағанды тау-кен индустриялық колледжі мен академик Қ.А. Сағынов атындағы мектеп-колледж студенттері қатысты. Қатысушыларды мерекемен құттықтап, құтты лебіздерін білдіргендер қатарында Облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин мен қарағандылық ақын Вера Александровна Голобородько болды.

Кітапханашы Әлия Молдағұлованың өмір жолының маңызды беттерін баяндап берді. Көрермендер назарына Әлияның ерлікке толы ғұмырын бейнелейтін хроникалық бейнематериалдар ұсынылды.

А.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің оқушылары оқу орнының тарихымен, Әлия есімінің берілу тарихымен таныстырып, шағын сахналық көріністер қойды.

Сондай-ақ балалар Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы музей мен ондағы экспозициялар жайлы бейнематериалдармен танысты.

Поэзиялық бөлімде Жеңіс күніне және Әлия Молдағұлованың рухына арналған өлеңдер оқылды. Оларды В.А. Голобородько, В.А. Беляева және Ж.Е. Жаркембекова тебірене орындады.

Іс-шара соңында «Майдандағы Әлия: аңыз бен ақиқат» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Шараға Қарағанды тау-кен индустриялық колледжі мен академик Қ.А. Сағынов атындағы мектеп-колледж студенттері қатысты.

Әлияның туғанына жүз жыл толды. Алайда оның рухы – тірі. Ол – кітаптарда, ескерткіштерде, ардагерлер естеліктерінде – біздің жүрегімізде. Әлия Молдағұлованың ерлігі қайсарлықтың, батырлық пен Отанға деген шексіз махаббаттың символына айналды.