Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Қажырлы, қайратты қайсар күрескер» тарихи портрет кеші өтті.

Іс - шараға тарихшылар, журналистер, Н.Нұрмақовтың туысы: подполковник, ішкі істер министрлігінің ардагері - Нұрмақов Мұқан Жәмелұлы; «SARYARQA» телеарнасының журналисі, Қырғыз Республикасының Мәдениет қайраткері - Әшімхан Исламбекұлы Жәмпейісов; т.ғ.к., Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті - Сәуле Сүйіндікқызы Қасымова;  Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ұстаздары мен оқушылары және Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің студенттері қатысты.

Кеш барысында Нығмет Нұрмақовтың өмір жолы, елге сіңірген саяси және қоғамдық қызметі, тарихи мұрасы жайлы мазмұнды баяндамалар ұсынылып, құнды деректер мен архивтік материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Шараға қатысушылар тарихи тұлғаның ел дамуындағы елеулі рөліне кеңінен тоқталып, бұрын-соңды көп айтылмаған тың мәліметтермен бөлісті. Нығмет Нұрмақовтың мемлекет мүддесі жолындағы қызметі мен азаматтық келбеті жас ұрпаққа үлгі ретінде ерекше аталып өтті.

Сонымен қатар, кеш барысында кітапханашылар Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін кейінгі ұрпаққа танытуда жазушы, қоғам қайраткері Жайық Бектұровтың қосқан зор үлесі жайында кеңінен сөз қозғады. Оның «Көрнекті қоғам қайраткері», «Омбыдағы орнатылған ескерткіш», «Истоки дружбы» атты мақалаларында Нұрмақовтың болмыс-бітімі, ел алдындағы еңбегі жан-жақты баяндалып, тұлғалық бейнесі айқын сипатталады.

Жазушының бастамасы мен тікелей араласуының арқасында Нығмет Нұрмақов білім алған Омбы мұғалімдер семинариясының ғимаратына мемориалдық ескерткіш-тақта орнатылған болатын. Осы тарихи сәттерді бейнелейтін фотосуреттер бүгінде Жайық Бектұров кабинет-музейде сақталған.

Кеш аясында ұйымдастырылған «Қажырлы, қайратты қайсар күрескер» атты кітап көрмесінде Нұрмақов туралы жазылған кітаптар, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, сирек фотосуреттер де көрермен назарына ұсынылды. Бұл көрме кеш мазмұнын байыта түсіп, қатысушыларға тарихи тұлғаның мұрасын тереңірек танып-білуге мол мүмкіндік берді.

Кеш тартымды әрі тәрбиелік мәнге толы мазмұнмен өтті.