Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні орай «ИГІЛІК» отбасылық оқуды дамыту жобасы аясында «Парасатты отбасы» атты мерекелік кездесу өтті.
Аталған шараға өмірлік қағидаларын ізгілікке толтырып, айналасына өнеге бола білген тамаша отбасы Төлеубаев Дүйсен Қосманұлы мен «Батыр Ана» Мыңжанова Рымкеш Жантекеқызы қатысты. Өздерінің туып өскен жері Балқантау өңірінде 52 жыл отасқан мерейлі жанұяда 6 қыз, 2 ұл дүниеге келіп, ер жеткен. Балаларының барлығына өнегелі тәрбие беріп, кітап оқудың арқасында білімді де білікті азаматтар атанған. «Біз екеуміз де жасымыздан әдебиетке құмар болдық. Кітаптарды, облыстық газеті “Орталық Қазақстан”, жергілікті аудандық “Қарқаралы”газеттерін, т.б. басылымдарды үнемі оқимыз. 2014 жылы “Жұлдыздар отбасы” журналында оқырмандар бәйгесіне, “Аламан бәйге” жүлдесіне ие болдық. Нәтижесінде Түркия еліне жолдама алып, демалып қайттық» дейді,- Дүйсен Қосманұлы. Егіндібұлақ ауылында құрылған ата-әжелер ансамблінің мүшесі болып, театрлық қойылымдарда өнер көрсеткен жұп «Шапағат» атты киноға да түскен екен.
Рымкеш Жантекеқызы отбасындағы ата-анаға деген құрмет, бауырға деген қамқорлық, сыйластық, немерелерге деген сүйіспеншілік туралы тамаша әңгіме айтып, жас оқырмандарға «Қазір жастар шет елдің психологиясы туралы әдебиеттерді көп оқиды. Меніңше, бұл біздің жастарымызға өте қауіпті. Сендер тәрбені ата-анадан, қазақтың ақын-жазушыларының кітаптарынан алу керексіңдер. Кітапты көп оқыған адамның өмірлік азығы бай болады» деп ақыл-кеңесін айтты. Шара барысында оқырмандар өз ата-аналарына, ата-әжелеріне қоңырау шалып «Мен Сізді жақсы көремін», «Сіз мен үшін қымбатсыз», «Сіз Кемеңгерсіз» деп мейірімділік білдірді. Бұл қатысушылардың жүрегін тербеп, үлкен әсер берді. Шара соңында Дүйсен Қосманұлы мен Рымкеш Жантекеқызы «Ана туралы жыр» әнін орындады. Кеш қонақтарына Е. Дәуешұлының «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітабы сыйға берілді.https://www.uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1390-5-nauryz-2023#sigFreeId43f7b9b743