Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Республика күніне арналған «Елдікке бастаған мереке» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Мәдени көпшілік іс-шараға Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұяқов Ғабит Шораұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бимендин Өзібек Исатайұлы, Әлихан Бөкейхан және Қазыбек би аудандарының өкілдері Аймагамбетов Марат Сейфуллович, Камалиев Тлеубек Камалиевич қатысып жастарды мерекемен құттықтап, ән мен жырдан шашу шашты.
«БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының мүшелері Макар Әсел, Абишеев Әлихан, Сагиндикова Аяулым, Кенжеқызы Аяулым Отан, туған ел, туған жер туралықазақ ақындарының өлеңдер оқыды. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Аралбек Аңсар қазақтың қара домбырасымен әуелетіп халық әнін, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенті Рашидов Қазбек Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін, Кунешев Хамит «Туған жер», Мускинов Ерасыл «Қазақстаным!» әндерін орындады. «Облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектеп-интернатының» мың бұралған биші қыздары «Шашу» ұлттық биін биледі. Тарихи–танымдық кеш соңында барлық қатысушылар халықтың әнұранына айналған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.
Шараға Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Қарағанды медицина университеті, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі, Қарағанды жоғары «БОЛАШАҚ» колледжі, Қарағанды жоғары политехникалық колледж студенттері және облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектеп-интернатының оқушылары қатысты.
https://www.uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1620-23-azan-2024-2#sigFreeId39ef996a37