5 желтоқсан Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының жасөспірімдердің қатынастары және көпшілік жұмыс бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Тұғыры биік – Тұрар» атты тағылымы мол іс-шара өтті.

Оған Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері, №92 гимназия оқушылары және «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының мүшелері қатысты.

Шараның мақсаты – тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлға рухына тағзым ету. Азаматтық сағатта Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірбаяны мен қызметі жайында келген қонақтарға толық мағлұмат беріліп, фильм көрсетілді. Ұлы даланың ұлы тұлғасы, қазақтың ұлтжанды азаматы, өз заманының көшбасшысы болған Тұрар Рысқұлов туралы тың деректер айтылды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің қатынастары және көпшілік жұмыс бөлімінің қызметкері Құлпынай Жасарал Тұрар Рысқұловтың Бішкектегі училище директорына жазған алғашқы хатын оқыса, Айбасова Сабина Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы Рысқұл Жылқыайдаров пен бала Тұрардың бейнесіне тоқталып кетті. Ал, Тәттімбет өнер колледжінің студенті Ғабит Серік «Үш арыс», «Ғалия» әндерін әуелете шырқады.