29 қараша күні Журналистер одағының мүшесі, публицист, аудармашы Марал Хасеннің 75 жылдығына арналған «Шеберлік пен кемелдік» атты әдеби - еске алу кеші өтті.

 Марал Хасеннің есімі Қарағанды жұртшылығына республикалық, облыстық басылымдарда шығып жүрген мәнді де мазмұнды мақалалары арқылы жақсы танымал. Ол өзінің қырық бес жыл өмірін қаламгерлікке арнаған, небәрі 18 жасында аудандық газетте корректор, аудармашы болып бүкіл саналы ғұмырын қазақ баспасөзіне еңбек етумен өткізді. Ол әлемнің классикалық әдебиетінен қалам тартып, француз жазушысы Альбер Камюдің «Молчание», жапондық Кэндзабуро Оэның «Послевоенное поколение», британдық Сомерсет Моэмның «Луизу», америкалық Теодор Драйзердің «Во тьме», италия жазушысы Джакомо Казанованың «Мемуары» атты шығармаларын, Нобель сыйлығы лауреаттарының жауһар шығармаларын тәржімалаған. Шара барысында журналист Марал Хасеннің өмірі жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, шығармашылығына кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Іс-шараны «Орталық Қазақстан» газетінің журналисі Жәнібек Әлиман жүргізді. Іс-шараға Марал Хасеннің аяулы жары Рымбала Смайылова, туған-туыстары, көзін көрген замандастары, қызметтес болған әріптестері, белгілі журналистер қатысты. Келген қонақтар: өнертанушы, әнші, кітапханамыздың «БОТА» ЖИО негізін құрушылардың бірі Ерлан Төлеутай, ҚарМУ-дың филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жанғазыұлы, белгілі журналистер Нәзипа Асқарқызы, Сағат Батырханова, Сүйіндік Жанысбай, кітапхана ардагері Жадыра Сембекқызы, «Болашақ» академиясының заң пәндері кафедрасының докторы Болат Сыздық  және т. б. журналистің шығармалары мен аудармаларына, жазу шеберлігіне, жайсаң болмысына тоқталып өз естеліктерімен бөлісті. Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің белгілі әншісі Ержан Базарбай қазақтың қара домбырасымен әннен шашу шашса, аудармашы Марал Хасеннің шәкірті, журналист Нәзипа Асқарқызы «Жас дәурен», «Айқаракөз» әндерін көрерменге тарту етті. Бұл іс шара оқырмандар үшін тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор тамаша кеш болды.