23 қараша күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының балаларға қызмет көрсету бөлімінде қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына байланысты іс-шара өткізілді.

Әдеби іс - шараға Қарағанды облысы білім басқармасының «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 5 сынып оқушылары қатысты. Іс - шара барысында оқырмандарды кітапханашылар Сарыарқаның дауылпаз ақыны, қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы Сәкен Сейфуллин, жер жәннәті Жетісудан шыққан қазақ поэзиясының құлагері, әйгілі ақын, драматург Ілияс Жансүгіров, көркем сөздің шебері Қостанай даласынан шыққан қайраткер, жазушы Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармаларын таныстырды.

Сәкен табиғатты жан-жүрегімен жырлаған ақын. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан үзіндіні «Ақпараттық технологиялар» мектеп –лицей интернатының оқушысы Абай Нұрбақ оқыды. Ілияс Жансүгіровтің 1929 жылы жазылған «Гималай» атты ақындық күштің лебінен туған көркем өлеңін Ақан Әділет жатқа айтып, Б. Майлиннің проза жанрындағы тұңғыш туындысы — «Шұғаның белгісі» хикаятын оқырман Айжан Асылбекқызы мазмұндап айтып берді.

Іс - шара соңында оқырмандарға «Жарық жұлдыздар» бейнеролигі көрсетіліп, жазушылардың шығармаларына арналған «Үш бәйтерек - үш асыл» атты кітап көрмесі таныстырылды.