13 шілде сағат 12-00де Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөсіпірімдер кітапханасында «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясы» бірлестігінің  ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған,  Ұлт мұрасын насихаттауға арналған ұлттық мерекелер  күнтізбесінің тұсаукесері болып өтті. Күнтізбені шығарудағы мақсат – ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау болып табылады.   Ұлттық мерекелер күнтізбесіне Ұлт денсаулығы күні, Батырлар күні, Қазақ тарихы күні, Ақсақалдар күні, Қазақ тілі күні, Ұлт қайраткерлері күні, Салт-дәстүр күні, Туған жер күні сияқты 20-ға жуық атаулы күндер енген.

Ұлттық күнтізбенің авторы Нұржан Сұршаұлы «Ұлттық күнтізбе арқылы ұлттық жадымызды, рухани бітім-болмысымызды жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ күнтізбедегі атаулы күндерді атап өту мерекелік үстірт той-томалақтан гөрі, тәрбиелік сипаты мол шараларға жол ашып, ай сайын қоғамда ұлттық құндылықтарымызды  насихаттауға негіз бола отырып, ұлттық бітім-болмысымызды шынайы  жаңғыртуға мүмкіндік береді» - деп атап өтті.

Тұсаукесер шарасына арнайы қатысқан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Темірғали Көкетаев осы сынды ұлттық жобаларға «Қазақ тілі» қоғамының тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін және алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп атқаратынын сөз етті. Қолға алынған тың бастама алдағы уақытта біршама мән-маңызы терең ұлттық болмысымызды паш ететін игі істерге жол ашатыны сөзсіз. «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясы» бірлестігінің басты мақсаты - өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды барынша қолжетімді ету арқылы оларға патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Іс-шара туралы сюжет "Бірінші Қарағанды" телеарнасында көрсетілді. http://1karagandy.kz/ru/news/page/1/newsid/3810