2019 жылдың 21 маусым күні Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қарағандылық өлең сүйер қауымның қоржынын рухани өлеңдер жинағымен толықтырған, Арқаның алашшыл ақыны, саяси қуғын-сүргін құрбаны «Қажымұхаммед Дияқажыұлы шығармалары» кітабының тұсаукесері өтті.

Қажыкен Дияқажыұлы 1913 жылы Ақшатау  ауылында дүниеге келген. Ақындық атағы жастайынан шығады. Алайда жау баласы ретінде кітабын еш жерде шығара алмайды. Ақынның артында көптеген әңгіме-жазбалары, өлеңдері қалды.  

Кешті ақын, журналист, «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Нұрдос Кәрім жүргізді.

Алғашқы сөз ақын әкелерінің еңбегін құрастырып, жырларын жұртқа жеткізу жолында игілікті іс атқарып жүрген қызы София Атшабекқызы мен ақынның қарындасы Нәстәй Құлжанбековадан бастау алып, кітап тұсаукесерінің өтуіне үлкен ұйытқы болып отырған ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист,    өлке тарихын зерттеуші Төрехан Майбастың сөзімен жалғасын тапты.  Мәдени шараға  Мұхамедқали Баймұқанов, Тезекбай Амандық, Оралбек Жүніс, Бота Ноғай, Мүсіркеп Сейдахмет, Әли Тойжігітов сынды ел-азаматтары және Түркістан облысынан арнайы шақыртылған ақын Нұрғали Ибраев, сонымен қатар басқа да өлең сүйер қауым қатысты.

Тынысы кең ақынның  кәусар жырлары оқырман қауымның жанына – нұр, кеудесіне – шуақ төгер деген тілекпен «Қажымұхаммед Дияқажыұлы шығармалары» кітабының  тұсауын ақынның қызы – София Атшабекқызы, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы – Кәмел Жүністегі және «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қорының атқарушы директоры – Мира Атамалқызы кесті.

Өрнекті өлең өрілген кеште аймағымыздың белгілі ақын-жазушылары ақынның шығармашылығын тілге тиек етіп, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өз өлеңдерімен шашу шашты.

Кеш соңында келген қонақтарға қазақтың дәстүрімен сый-сияпаттар табыс етіліп, көрермен қауымға ақынның жыр жинағы ұсынылды.

 

Іс-шара туралы сюжет "Бірінші Қарағанды" және "Saryarqa" телеарналарында көрсетілді.