Кешегі неміс-фашист басқыншыларымен болған қырғын соғыстағы жеңіс оңайлықпен келмеді. Талай ардақты азамат елі, жері үшін жанын қиды. Отан соғысының шежіресі мыңдаған ұлдар мен қыздардың қанымен жазылған қасиетті тарих. Отан шежіресінде, біздің жүрегімізде батырлар есімі мәңгі жасай береді. Елінің азаттығы үшін күреске түскендердің қатарында көк аспанда қалықтаған Сарыарқа сұңқары - Нүркен Әбдіров, орыс жұрты аңызға айналдырған Қазбек Нұржанов, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевтар бар. Батырларымыздың жанқиярлық ерліктері еш уақытта ұмытылмайды. Даңқты батырлардың ерлігін жастарға таныту мақсатында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Нүркен Әбдіровтың ескерткіші жанында «Мәңгілік Жеңіс және оның Батырлары» атты патриоттық акция өтті.

Биыл Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаевтың туғанына 95 жыл, Кеңес Одағының  Батырлары Н. Әбдіров пен Қ. Нұржановтың туғанына 100 жыл жыл толып отыр. Патриоттық ақцияға, сондай-ақ, Еңбек және тыл ардагерлері Петраков Михаил Сергеевич пен Зимарева Антонина Григорьевна, Қарағандылық ақын Олег Саблин, Нүркен Әбдіровтың туған жиені Әбдіров Бахтияр Әбубәкірұлы, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары, «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының мүшелері, Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандары мен қызметкерлері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз кітапхана директоры Қаленова Нұргүл Қасымханқызына берілді. Еңбек және тыл ардагерлері Петраков Михаил Сергеевич пен Зимарева Антонина Григорьевна соғыс уақытындағы өшпес естеліктерімен бөліссе, Нүркен Әбдіровтың туған жиені Бахтияр Әбубәкірұлы қарағандылықтарды алдағы келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады. Сонымен қатар, Қарағандылық ақын Олег Саблин Нүркен Әбдіровке арнаған өлең жолдарын оқыды. «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының мүшелері Жасарал Құлпынай мен Ахметолла Ерсанат патриоттық акцияны тізгіндеп,  Мускинов Ерасыл, Маханова Маржангүл сияқты жастар кешті ән-күймен әрлей түсті. Патриоттық акцияда Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістерінен құралған «Арай» ансамблі «О крылях» әнін шырқаса, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары «Туған өлке» әнін көпшілікке жеткізе білді.

Тарих беттерін парақтасақ Ұлы Отан соғысының біздің халқымыздың өміріне әкелген қайғы-қасіретін, ащы азабын ұмыту мүмкін емес еді. Қираған қалалар мен мектептер, жылап қалған аналар мен балалар, миллиондаған жас кеткен қыршындардың көз жасы... Соғыс ешкімді де аяған жоқ. 20 миллион адам өмірі жер қойнауына кете барды. Патриоттық акцияда, сондай-ақ, майданда қаза тапқан ардагер ата-апаларымызды еске алке алуға 1 минут үнсіздік жарияланып, жиналған студенттер мен оқушылар  Нүркен Әбдіровтың ескеркішіне гүл шоқтарын қойды.