Онлайн-конференция І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің (Талдықорған қ.), «Б.Майлин атындағы Таран тарихи-мәдени мұражайы» КММ (Қостанай облысы) және Жаңаарқа ОКЖ-нің (Жаңаарқа ауданы) қатысуымен өткізілді.

С. Сейфуллин, І. Жансүгіров және Б. Майлин жазушыларының шығармалары халық арасында кеңінен танымал болды. Онда қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, Отанға деген сүйіспеншілік, халықтың салт-дәстүрлерін, ана тілін құрметтеу, отаншылдық рухы жырланды, ата-бабаларымыздың тұрмысы, өткен жылдардың барлық қиыншылықтары, революциялар, көтерілістер және басқа да тарихи оқиғалар көрініс тапты.    

Конференцияны іс-шараның модераторы, № 134 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хумарбек Ербұлан Әуезұлы ашты. Ол конференция қонақтарын: Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қоғам қайраткері Бақытғали Мұсабековты; ҚарМТУ - дың Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Сүйіндікқызы Қасымованы, сондай - ақ ҚарМТУ жанындағы инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Әбсадыққызы Смағұлованы таныстырды. Содан кейін құттықтау сөзін кітапхана директоры Каленова Нұргүл Қасымханқызына ұсынды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, ҚарМТУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Қасымова Сауле Сүйіндікқызы «Рухани жаңғыру тұрғысындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Сәкен Сейфуллин тұлғасы» және ҚарМТУ жанындағы инновациялық технологиялар колледжінің директоры Смағұлова Нұрбибі Әбсадыққызы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты баяндама жасады.

Мұсабеков Бақытғали Мұхамедқалиұлы Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында репрессияға ұшыраған және Свердловск облысының «Ивдельлаг» лагеріне жер аударылған журналист, жазушы Ж. Қ. Бектұров туралы әңгімеледі. Ж.Бектұров саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы кең басылымда алғаш рет айтқан еді.

Сондай-ақ, «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығының мүшелері Ж. Бектұровтың  «Сәкенге», «Ілиясқа», «Бейімбетке» жазған жоқтау – толғауларын орындады.

Қарағанды Жоғары политехникалық колледжінің студенттері «Үш бәйтерек» таныстырылымымен сөз сөйледі: «С. Сейфуллин» - Сангимбаев Саулет,  Қасым Тойбек, «Б. Майлин» - Оралбай Ернар, Қартен Мақсат, «Ілияс Жансүгіров» - Сейдімбек Асылбек,  Рыскулова Арайлым.

Конференция барысында on-line кездесуге қатысушылар жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті - ақын, драмашы, қазақ әдебиетінің классигі І. Жансүгіров туралы айтты. Филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессорының  м.а. (доцент), ілиястанушы Сайлау Қажыбекұлы «Ілияс мұрасы» атты баяндама жасады.

Б. Майлин атындағы Таран тарихи-мәдени мұражайы Б. Майлиннің өмірі мен шығармашылығы бойынша Ергазиева Айжан Серікқызы, қор сақтаушысы баяндамала жасап, Туктубаева Армангүл Ғұмарқызы, экскурсия жетекшісі сөз сөйледі. Ізтілеу Мамай Б. Майлинге арналған арнауды орындады, С. Ерғалиев атындағы ОМ оқушылары жазушының шығармаларынан үзінділерді орындады.

Үшінші қатысушы - Жаңаарқа ОКЖ-нің іс-шара қонақтары: Абилдин Шахизада, сәкентанушы; Ғалым Төтеев, Жаңаарқа ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы; Дүйсенов Жеңіс Жолкенұлы, Б. Амалбеков атындағы мектептің тарих пәнінің оқытушысы; Оралбаева Ақбөпе Қартайқызы, ОКЖ ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі, «С. Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы» туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Ғ. Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің студенттері ақынның шығармаларын орындады.

Залда «Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым» кітап көрмесі безендірілді. Көрмеге С. Сейфуллин, І. Жансүгіров және Б. Майлиннің шығармалар жинағы, таңдамалы шығармалары, жазушылар туралы кітаптар және жеке басылымдардағы материалдар қойылды. Іс-шараға қатысушылар сирек кездесетін кітаптар мен мақалаларды, құжаттарды қарады.

Іс-шара соңында мұражай қызметкерлері Жайық Бектұровтың мұражай-кабинеті бойынша экскурсия өткізді.