Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен 2021 жылы 14 мамырда сағат 15.00-де Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысының жастары арасында «ДАРАБОЗ» интеллектуалды танымдық ойынының II- іріктеу ойыны ZOOM платформасында онлайн форматта өтті.

Ойынның мақсаты жас ұрпаққа адамгершілік және интеллектуалды тәрбие беру, жеке тұлғаның рухани қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру және жастарды әдебиетті оқуға тарту. Ойынға Саран қаласының «Абай атындағы жалпы білім  беретін мектебі» КММ атынан «Жалын» тобы, «№ 27 жалпы білім беретін мектеп» КММ атынан «Самғау» тобы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы «Сарышаған мектеп-интернаты» КММ атынан «Болашақ» тобы қатысты.

Әділқазылар алқасыАбдрахманова Камшат Жақсылыққызы - Қарағанды Медицина Университетінің «Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының» ассистент-профессоры, Қарабаева Айгерім Сембаевна - Қарағанды техникалық құрылыс колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Мырзатаева Бахыт Қазбекққызы – жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы болды.

«ДАРАБОЗ» интеллектуалды танымдық ойыны 3 айналыммен өтті. І айналымда қатысушылар өз топтарын таныстырды, ІІ айналым - теле-таблоны пайдалана отырып, «Тәуелсіздік жолында», «Қазақ әдебиеті», «Айтулы даталар» тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап берді. ІІІ айналымда қатысушылар қоғамда болып жатқан тақырыптар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Ойынның нәтижесін қорытындылау кезеңі барысында, көрермендерге «Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы» туралы бейнеролик көрсетілді.

Екінші іріктеу ойынының жеңімпазы «Самғау» тобы келесі 2021 жылдың желтоқсан айында болатын финал ойынға жолдама алды. «Болашақ» тобы мен «Жалын» тобы алғыс хатпен марапатталды.

Қатысушылар саны  25 адам.